СҚО тұрғыны шифоньердің ішінде тіркелмеген қаруды сақтап келген
СҚО тұрғыны шифоньердің ішінде тіркелмеген қаруды сақтап келген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаруды заңсыз сақтау фактісі “Қару” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды. Айыртау ауданы ПБ қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тексеріс жүргізу кезінде бір ауыл тұрғынынан тіркелмеген 16 калибрлі ИЖ мылтығын анықтаған. Қауіпті зат қолжетімді орында болған – шифоньердің ішінде сақталған. Ер адамның сөзіне қарағанда, мылтық оның қайтыс болған туысынан қалған. Қару тәркіленіп, ер адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша материал жинастырылды.
– Атқарылған жұмыстың мақсаты – адамдардың қауіпсіздігін нығайту, қарудың ұрлану және оның қылмыста пайдалану қаупін төмендету. Бірінші кезектегі міндет – заңсыз сақтау фактілерін анықтау. Сондай-ақ, тіркелген қару иелері тексерілуде, оның ішінде сақтау ережелерінің 192 бұзушылығы және қайта тіркеу мерзімдерінің 43 бұзушылығы анықталды. Тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсыру ғана жауапкершіліктен босататыны туралы еске саламыз, – деді СҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
3 ақпаннан бастап облыс аумағында жедел-профилактикалық іс-шара бастау алды, заңсыз айналымнан тіркелмеген 43 қару, 44 оқ-дәрі алынды.