Түркістандық полицейлер бірнеше мәрте ұрлық жасаған адамды анықтады
Түркістандық полицейлер бірнеше мәрте ұрлық жасаған адамды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістандық тәртіп сақшылар жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде бірнеше рет бөтеннің мүлкін ұрлаған күдіктіні ұстады. Белгілі болғандай, аталмыш ер адам екі күннің ішінде сұлулық салоны мен тамақтану орнынан ақша ұрлаған.
Нақтырақ айтсақ, ұрлықпен айналысқан ер адам түнгі сағат 02:00 шамасында Сарыағаш ауданында орналасқан сұлулық салонының пластик сыртындағы темір тор есігінің ашық тұрғанын байқаған. Арам ойын іске асыруды ойлаған күдікті қолына ілінген құралдардың көмегімен пластикалық есікті күшпен ашып, ішінен ақша ұрлаған.
Жәбірленушілерге келтірілген шығын шамамен 140 мың теңгені құрады. Оңай жолмен пайда табуды көздеген күдікті келесі түні базар жанындағы автотұрақта орналасқан самсахананың пластикалық есігін бұзып, ашып кірген. Мұнда ұры жалпы көлемі 150 мың теңгеге жуық ақшаны жымқырып кеткен. Ер адам қаражаттың барлығын өз қажеттілігіне жұмсаған.
Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті Сарыағаштың жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын және күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтайды.