Шымкентте айыппұлын төлемеген жүргізушілердің көлігі арнайы тұраққа қойылды
Шымкентте айыппұлын төлемеген жүргізушілердің көлігі арнайы тұраққа қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында өтіп жатқан “Қауіпсіз жол” іс-шарасының бірінші күнінде төленбеген айыппұлдары бар екі жүргізуші анықталды.
Мәселен, полицейлер 19 сәуірде ВАЗ-21014 ресейлік нөмірлі екі көлікті тоқтатқан. Тексеру барысында азаматтар бірнеше рет жол ережесін бұзып, айыппұл төлемегені анықталды.
– Жүргізушілердің жасаған бұзушылықтарының басым бөлігі ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы (Қозғалыс жылдамдығын рұқсат етілген шектен асыру) бойынша тіркелген. Сондай-ақ, азаматтарға 600 мың теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл бойынша берешегі бар екендігі туралы ескерту берілді. Осыған байланысты борышкерлердің көліктері айыппұлдарды толық өтегенге дейін арнайы тұраққа жеткізілді, – дейді Жергілікті Полиция қызметі басқармасының бастығы Ұлықбек Мылтықов.