Атырауда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін тергеудің жаңа әдісі іске қосылды
Атырауда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін тергеудің жаңа әдісі іске қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атыраулық полицейлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне тергеу жүргізу барысына оң ықпал ету үшін жаңа әдіс іске қосты.
Енді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қатысты тергеу амалдарын жүргізу үшін облыс орталығында орналасқан Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтендіруге арналған дағдарыс орталығының ғимаратынан жаңа жұмыс кабинеті ашылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жәбірленушілерін жан-жақты қолдау мақсатында аталған шараға облыстық денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамту басқармаларының өкілдері де қатысты.
– Мұнда Атырау облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасының қызметкерлері түрлі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты фактілерді анықтап, тергеп-тексеру жұмыстарын жәбірленушілерге психологиялық-моральдық тұрғыда зиян келмеуі үшін Дағдарыс орталығындағы кабинетте жүргізеді. Яғни, жапа шеккен әйелдер мен балалар осы орталықтан бөлімшеге жеткізілмей-ақ, ғимарат ішіндегі дайын кабинеттен сұрақтарға жауап беретін болады. Орталықта барлық жағдай жасалған. Заңгерлер мен психологтардың, медициналық мамандардың да көмегі көрсетіледі, – деді Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиев.