Атырауда қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосқан үздіктер анықталды
Атырауда қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосқан үздіктер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінде қалалық және ауылдық жерлердегі "Полицияның үздік қоғамдық көмекшіс" байқауы өтті. Байқау барысында учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп атқарған жұмыстары, тұрғындармен өзара байланысы және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі ескеріліп, белсенді азаматтардың еңбегі бағаланды.
Байқау нәтижесінде Қызылқоға ауданының тұрғыны Ақбота Сүйесінова үздік қоғамдық көмекші атанды. Ол аудан аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған жұмыстарға белсенді қатысып, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп тұрғындар арасында түсіндіру және алдын алу шараларына атсалысып келеді.
Жылыой ауданының тұрғыны Дина Сандыбаева да қоғамдық қауіпсіздікке үлес қосып жүрген белсенді азаматтардың қатарында. Ол аумақта болған және туындауы ықтимал келеңсіз жағдайларға бейжай қарамай, тиісті ақпаратты полиция қызметкерлеріне дер кезінде жеткізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға өз үлесін қосып келеді.
Ал Исатай ауданының тұрғыны Жанар Мусаева қоғамдық тәртіпке қатысты жағдайларға немқұрайлы қарамай, бірнеше рет "102" арнасына хабарласқан. Оның дер кезінде берген мәліметтері полиция қызметкерлерінің оқиға орнына жедел жетіп, тиісті шара қабылдауына мүмкіндік берген.
Үш азаматтың да белсенділігі учаскелік полиция инспекторларымен бірлескен жұмыстың нәтижелі болуына және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді. Байқау қорытындысы бойынша Ақбота Сүйесінова, Дина Сандыбаева және Жанар Мусаева Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеевтің атынан алғыс хатпен марапатталды.
