Түркістан облысында оқушылар полиция қызметінің қыр-сырымен танысты
Сайрам аудандық полиция басқармасында М.Горький атындағы мектеп-гимназиясының "Жас сақшы" сыныбы оқушыларының қатысуымен ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Танымдық кездесудің барысында жас сақшылар полиция қызметінің негізгі бағыттарымен танысып, басқарманың жұмыс барысын көрді. Оқушыларға жедел басқару орталығының қызметі көрсетіліп, оның қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызы түсіндірілді.
Сонымен қатар мектеп оқушылары полиция қызметінде қолданылатын арнайы техникалар мен заманауи құрал-жабдықтарды, қызметтік автокөліктерді және қару-жарақ үлгілерін тамашалады.
Полиция қызметкерлері жас сақшыларға құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы күнделікті жұмыстар туралы айтып берді. Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция мамандығы жөнінде мағлұмат алды.
