Енесінің алтын бұйымдарын ұрлаған күйеу бала ұсталды
Түркістан облысында енесінің 1,7 млн теңгенің алтын бұйымдарын ұрлаған күйеу бала ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу оның үйіне терезеден кіріп, оның жатын бөлмесіндегі алтын жүзігі мен алтын сырғасын, сондай-ақ бағалы бриллианттары мен алқаларын жымқырып кеткен. Келтірілген шығын 1,7 млн теңгені құрады.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді. Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында Шардара АПБ-ның қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Полицейлер жедел-іздестіру шараларын тиянақты жүргізді. Куәлардан жауап алынып, үйдің айналасы жіті қаралды.
Нәтижесінде, шардаралық тәртіп сақшылар күдіктінің ізіне түсті. Бір күн ішінде оның түр-тұлғасын анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Анықталғандай, күдікті ер адам жергілікті тұрғын, жәбірленушінің күйеу баласы болып шықты. Ол оңай жолмен ақша табу мақсатында қараусыз тұрған үйге кіріп, алтын бұйымдарды жымқырған. Ол ұрлаған алтындарды үйінің ауласындағы гаражына тығып, сатудың оңтайлы сәтін күткен.
Бүгінде полицейлер күдіктіден айғақты зат ретінде алтын жүзік пен сырғаларды, алқаларды тәркілеп, иесіне қайтарды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.