Түркістанда алаяқтықтың 9 жайтына қатысы бар ер адам ұсталды
Түркістанда алаяқтықтың тоғыз жайтына қатысы бар ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны жақын таныс емес ер адам алдап кеткен. Яғни, алаяқ кәсіпкерлік үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 585 мың теңге алып беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 150 мың теңге ақша алған. Алайда арада бір жылдан астам уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркелді.
Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі түркістандық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде, күдікті ер адам тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.
Белгілі болғандай, егде жастағы ер адам оңай жолмен ақша табу мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз несие әперемін деп бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы алаяқтықтың тоғыз жайтына қатысы бары анықталды.
Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1,5 млн теңгені құрады. Ал қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.