Түркістан облысында несиесін жабу үшін ұрлық жасаған жігіт ұсталды
Түркістан облысында жігіт несиесін жабу үшін үш қап ешкі жүнін ұрлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның қорасына белгісіз біреулер кіріп, үш қапқа салынып, жинаулы тұрған ешкінің қырқылған жүндерін жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 75 мың теңгені құрады.
Аталған жайтты бәйдібектік полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында Бәйдібек АПБ-ның тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Куәлардан жауап алынды, жан-жақты іздестіру жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, бір тәулік ішінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Полицейлер оны Түркістан қаласынан анықтап, ПБ-ға жеткізді. Ол малдардың жүнін алып-сатумен айналысатын жас жігіт болып шықты.
Анықталғандай, күдікті күндізгі уақытта жәбірленушінің мал қорасында ешкім жоқтығын пайдаланып, үш қап жүнді жымқырып кеткен. Яғни, несиесін төлеу үшін ұрлық жасаған. Қазіргі таңда күдіктіден айғақты зат ретінде қапқа салынған ешкі жүндері алынып, иесіне қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.