Өткен демалыс күндері Петропавл тұрғындары “102” арнасына 977 рет қоңырау шалды
Өткен демалыс күндері Петропавл тұрғындары “102” арнасына 977 рет қоңырау шалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері Петропавл полицейлері отбасылық жанжалдарға 17 рет шықты. Тағы 11 қоңырау тыныштықты бұзуға қатысты болды. Басым бөлігінде полицияны шақыруға отбасы-тұрмыстық жанжалдар себеп болған.
Мәселен, Уәлиханов көшесіндегі үйлердің бірінде таныс әйелмен бірге тұрып жатқан ер адам жанжал шығарғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады. Көршілері түнгі айқай-шуға байланысты бұл мекенжайға полицияны бұған дейін де бірнеше мәрте шақырған. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап құқық бұзушылық жасаған қала тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Мереке күндері қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге баса назар аударылды. 30 сәуір күні мәдениет және демалыс саябағынан қоңырау келіп түсті. Петропавл тұрғыны овчарка тұқымдас итін тұмылдырықсыз серуендетіп жүрген. Ит саябақта таза ауада демалып жүрген әйел адамға үріп, шошытқан. Итті серуендетіп жүрген ер адам мен әйел сөзге келіп қалыпты. Қатты қорыққан әйел полиция шақыруға мәжбүр болды. Кикілжің учаскелік полиция инспекторы келіп шешілді. Иттің иесі әкімшілік кодекстің 407-2 бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
– Көптеген шақыртулар кезінде құқық бұзушылық құрамы анықталмайды. Үй подъезіндегі газдың иісі, кішкентай бала пәтердің есігін ашпаған – осындай шақыртулардың әрқайсысын учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полиция қызметі мұқият тексереді. Өткен үш демалыс күнінде Петропавл тұрғындарынан “102” арнасына 977 қоңырау келіп түсті. Қоңыраулардың көпшілігі анықтамалық сипатта, – дейді Петропавл қалалық ПБ Жедел басқару орталығының бастығы Ерік Құлжанов.