7 мамыр қарсаңында СҚО полицейлері арасында «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті
7 мамыр қарсаңында СҚО полицейлері арасында «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отан қорғаушылар күні және Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында Полиция департаменті жеке құрамының ерлер қауымы арасында «Жігіт сұлтаны» байқауы өткізілді.
Білімдері мен шығармашылық, көшбасшылық қасиеттері сыналып, офицерлер мен сержанттар арасында үздіктер анықталды. Басты шарт – мемлекеттік тілді қолдану болды.
Байқаудың бірінші кезеңінде спорттық сынақтар өткізілді. Атыс даярлығы, қайталамалы жүгіріс, кеудені жерден көтеру – тирдегі ату кезінде полицейлер бар күштерін салып, төзімділік пен сабырлықты көрсетті.
Қалған кезеңдер – интеллектуалдық және шығармашылық бағытта болды. «Өзін таныстыру», «үй тапсырмасы», сұрақ-жауап – қатысушылар түрлі презентацияларды пайдаланып, мұқият дайындалған екен.
Байқауға облыстық полиция аппараты жетекші бөліністерінің қызметкерлері қатысты. Жедел уәкілдер, тергеуші, криминалист, айдауылдаушы, күзет полицейі – әрқайсысы өнерлерін ортаға салды. Әділ қазылар алқасының құрамында «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов, СҚО әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының бас маманы Фарида Тұяқова, СҚО ПД және Ұлттық ұланның Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов, СҚО ПД бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова болды.
Ән мен күй, өлең мен ұлттық киімдер – әр қатысушы өнер көрсеткен кезде қазақ мәдениетінің көркемдігін ерекше жеткізуге тырысты. СҚО ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі Ниязбек Қожахметов көрермендерді таң қалдырды, ол бала кезінде қалай қамшы өріп үйренгені туралы айтып берді. Офицер сахнада қамшыны өру әдістерін көрсетті, бұл кезде көшпенділермен қамшыны пайдалану ырымдары туралы диктордың әңгімесі жүріп тұрды.
Сахнада оқылған қазақ ақындарының өлеңдері мен шырқалған халық әндері де көрермендердің көңілінен шықты. Әсіресе, СҚО Полиция департаментінің аға жедел уәкілі Ринат Ыбраевтың шебер орындауындағы «Отан Ана» әні ерекше қошеметке бөленді. СҚО Полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Сән Жұмағазинаның айтуынша, байқаудың басты мақсаты – отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру, ұжымдағы ара қатынасты нығайту.
«Жігіт сұлтаны» байқауының қорытындылары 7 мамырға және Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған СҚО ПД салтанатты жиынында белгілі болды.
СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов «Өнерлі жігіт» номинациясы бойынша СҚО ПД аға жедел уәкілі Ринат Ыбраевты марапаттады. Сондай-ақ, «Білімді жүзден озар» номинациясы бойынша СҚО ПД Тергеу басқармасының тергеушісі Әділ Шұғаев, «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы бойынша СҚО ПД жедел уәкілі полиция капитаны Жастілек Есдәулетов, «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациясы бойынша СҚО ПД Тылдық қамтамасыз ету басқармасының полицейі Бахтияр Әубәкіров марапатталды. Үшінші жүлделі орынды СҚО ПД инспекторы Серік Абылғазинов иеленсе, екінші орынды СҚО ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының криминалисі Ниязбек Қожахметов, бірінші орынды СҚО ПД Айдауылдау қызметі взводының айдауылдаушы-полицейі Әлішер Жәркен алды.