Павлодарда жол ережесін бұзған жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды
Павлодарда жол ережесін бұзған жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірнеше күн бұрын 102 операторының пультіне Павлодар қаласының Сәтпаев көшесінде автобус аялдамасына жақын жерде төрт көлік автобустың жүруіне кедергі келтіріп тұрғандығы туралы қоңырау келіп түсті.
– Хабарламаны алғаннан кейін осы фактіні тексеру үшін Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы камераны қарап, кептелістің себебі автомобильдердің бірінің сынуы болғанын анықтады. Сол сәтте инспектор BMW автокөлігінің жүргізушісі осы бағаннан кептеліс жойылғанша күтпегенін және бұрылып, қос тұтас сызықты кесіп өткенін байқады. Осы тәртіп бұзушылық бойынша жақын маңдағы автопатруль жіберіліп, Сәтпаев – Кривенко көшелерінің қиылысында көлік ұсталды, – деді Павлодар қаласы ПБ Жедел басқару орталығының бастығы Ренат Шамгунов.
Сондай-ақ, ол 26 жастағы BMW жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлімі бойынша (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) әкімшілік хаттама толтырылғанын атап өтті.
Қолданыстағы жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, қос тұтас сызық арқылы бұрылу қарсы қозғалыс жолағына шығу болып саналады. Ал осы бұзушылық ҚР ӘҚБтК 596-бабының 3-бөліміне сәйкес, бір жыл мерзімге көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады. Полицейлер жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтау қажеттігін ескертеді.