Қызылорда облысында көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды
Қызылорда облысында көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейдтік шаралар барысында 5 мамыр күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен аудан көшелерінің бірінде жол жүрісі қағидаларын бұзған жеңіл автокөлік тоқтатылды.
Құжаттарын тексеру барысында мас жүргізушінің өткен жылдың 16 ақпанында ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша жеті жылға сот шешімімен куәлігінен айырылғаны анықталды.
Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, 28 жастағы жүргізушінің «орта дәрежелі» алкогольдік масаң күйде болғаны белгілі болды. Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалып, автокөлік айып алаңына қойылды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.