Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Балалардың құқықтарын қорғау: полиция мен азаматтық қоғамның ынтымақтастығы

Қостанай академиясында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында «Балалардың құқықтарын қорғау: полиция мен азаматтық қоғамның ынтымақтастығы» тақырыбы талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға 50-ден астам қатысушы жиналды. Іс-шарада Ресей мен Белоруссияның оқу орындарының өкілдері, БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы, Алматы қаласының ювеналды сотының өкілдері, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі педагогтар мен инспекторлар қатысты.

– Қазақстан Республикасының Президенті өз үндеуінде 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Мемлекет басшысы балалардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі, ал өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз екенін атап өтті, – деді өз сөзінде академия бастығы Нұрлан Биекенов. 

Конференция осы мәселені шешу үшін полиция мен азаматтық қоғам институттарының күш-жігерін біріктіру қажет деген ортақ пікірде болған ұлттық және шетелдік сарапшылардың тәжірибелерімен алмасуға бағытталған.

Іс-шараға қатысушылар суицидтің жоғары деңгейі, инклюзивті білім берудің нашар дамуы, балаларға қатысты зорлық-зомбылық, буллинг, құмар ойындарға тартылу мәселелерін талқылады. Конференция ертең жалғасын табады. Онда балалармен және отбасылармен жұмыс істеуде өз тәсілдері мен технологияларын ұсынуға тілек білдірген қатысушылардың өтінімдері бойынша мастер-кластар өткізу көзделген.

Жауап қалдыру