Түркістан облысының тұрғыны полицияға төрт граната тапсырды
Түркістан облысының тұрғыны полицияға төрт граната тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2022 жылғы 25 сәуірден бастап Түркістан облысы аумағында тұрғындарға заңсыз сақталудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция өткізілуде.
Оған қоса заңсыз қарумен айналысатын адамдар мен қылмыстық топтарды ұстауға, қару иелерінің оны сақтаудағы ережелерді дұрыс атқаруына тексеру жүргізілуде. Аталған акция аясында өткізілген қару-жарақтар үшін тұрғындарға сыйақы беріледі. Шараны өткізу үшін Түркістан облысына Үкімет тарапынан 14 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Аталған акция барысында облыс көлемінде 112 азаматтан 167 дана отты атыс қару алынды. Оның ішінде 23 ойық ұңғылы, 137 дана тегіс ұңғылы қару, жеті шолақ қару және төрт граната алынды.
Мәселен, осы шараның республика көлемінде өтіп жатқанынан хабардар болған Келес ауданының тумасы төрт РГД-5 жарылғыш затын полиция бөліміне ерікті түрде тапсырып, өзіне сыйақы берілуін сұраған. Полицейлердің сұрастыру жұмыстары нәтижесінде, ол жарылғыш затты балық аулау кезінде өзен бойындағы ағаш арасында оралып жатқанында тауып алған. Осы уақытқа дейін қайда өткізерін білмеген тұрғын акцияны естіген бойда полиция бөліміне жеткізген.