Павлодар облысында шаруашылық қызметкері бұзау ұрлады деген күдікке ілінді
Павлодар облысында шаруа қожалығының малшысы егіз туған бұзаудың бірін ұрламақ болған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірнеше күн бұрын Павлодар облысының Успенка ауылынан төрт шақырым жерде полиция қызметкерлері тексеру мақсатында автокөлікті тоқтатқан, тексеру кезінде оның жүксалғышынан тәртіп сақшылары бұзауды анықтаған. Бірақ ол малды тасымалдау үшін жүргізуші мен жолаушыда тиісті құжаттар болмаған.
– Полиция қызметкерлерімен әңгіме барысында жолаушы бұл бұзауды сатып алды деп мәлімдеді. Бірақ кейінірек ол жергілікті шаруа қожалықтарының бірінде малшы болып жұмыс істейтінін және туғанына бір күн ғана болған бұзауды ұрлағанын мойындады. 39 жастағы ер адам сиырдың екі бұзау туғанын айтты және шаруа қожалығының басшысын алдау үшін ол иесіне бір бұзау туылғанын айтып, бір бұзауды алмақ болған. Осылайша қызметкер жұмыс берушіге 60 мың теңге көлемінде залал келтірді. Қазіргі уақытта полиция күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-1-бабының 1-бөлімі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде, – деді Павлодар облысы Успен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Асқар Аралбаев.