Түркістан облысында алаяқтық жайтына қатысы бар тұрғындар құрықталды
Түркістан облысында алаяқтық жайтына қатысы бар тұрғындар құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция бөліміне екі бірдей тұрғын арызданды. Жәбірленушілердің айтуынша, сырттай таныстары мүгедектікке шығарып беремін деп алдап, сенімдеріне кірген. Осылайша жәбірленушінің бірінен 230 мың теңге, екінші жәбірленушіден 250 мың теңге ақшаны қолма-қол алған. Алайда төрт жылға жуық уақыт өтсе де, берген уәдесін орындамай, уақытты созып жүрген.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды. Осыдан соң тәртіп сақшылары күдіктіні анықтауға арналған арнайы шараларды жүзеге асырды. Полицейлердің жедел жұмысының нәтижесінде, бұл жайтқа қатысы бар жергілікті тұрғын, орта жастағы әйел анықталды.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті әйел бұрын қала ішіндегі ауруханалардың бірінде дәрігер болып жұмыс жасаған. Ал жәбірленушілер күдіктіге емделу үшін барған кезде танысқан. Емделушілердің әбден сеніміне ие болған дәрігер мүгедектікке шығарып беру туралы алаяқтық әрекетін жүзеге асырған. Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ, Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, көршісі 2012 жылдың күз айында өзінің тұрып жатқан үйінің құжаттарын рәсімдеп беремін деп сендірген. Содан 250 мың теңге ақшасын алып, арада 10 жыл уақыт өтсе де, үйдің құжаттарын рәсімдемей, не ақшасын қайтармай алдап жүрген.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы, 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды. Осыдан соң тәртіп сақшылары күдіктіні ұстап, одан жауап алды. Анықталғандай, ол жәбірленушінің көршісі болып шықты. Ақша қажет болуына байланысты осындай қадамға барып, ақшаны жаратып жібергенін мойындады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.