Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған ер адам 7 жылға сотталды

Түркістан облысында балалар үйіндегі жасөспірімді туысының атына жаздырып беремін деп алаяқтық жасап, сотталған ер адамның тағы бір қылмысы әшкере болып,  7 жылға тұтқындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Жарқынбай Дарханның кәсіби шеберлігі арқасында жәбірленушілерге ірі көлемде шығын келтіріп, алаяқтық жасаған күдікті жас жігіттің кінәсі дәлелденіп, соңында сотты болды.

2021 жылдың наурыз айында Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол 2020 жылы 21 қазанда Ақсукент-Қарамұрт бағытында таксиге отырған. Осы кезде жүргізуші оның Өзбекстан Республикасындағы балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген немересін заңды түрде ҚР-ға алып келе алатынын айтып сендірген. Осылайша такси жүргізушісінің сөзіне сенген әйел қайтыс болған қызының 2007 жылғы ұлын өзіне алу үшін 600 мың теңгеден астам ақша берген. Алайда арада бірнеше айлар өтсе де, сайрамдық тұрғын немересімен қауышпаған. Содан алаяққа алданғанын білген әйел бірден полицейлерге арызданған.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Арада 1 аптаға жуық уақыт өткенде полицияға тағы бір тұрғын осыған ұқсас жайт бойынша арызданып, алаяққа алданғанын жеткізген. Яғни, бұл жолы жәбірленуші ер адамға танысы жол-көлік апатынан қайтыс болған қызы мен күйеу баласының артында қалған екі немересін өз тегіне өткізіп беремін деп уәде берген. Оған жаңа танысқан алаяқ ісін бітіріп бере алатын, Нұр-Сұлтан қаласында адамдары бар екенін айтып, сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден төрт млн теңге алған.

Аса ірі мөлшердегі алаяқтық қылмысын ашуда жедел-тергеу тобы қажетті іс-шараларды жүзеге асырып, алаяқтық жасаған ер адамның жеке басын анықтады. Тексеру кезінде күдікті Төлеби аудандық сотымен бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатқан 33 жастағы ер адам екені белгілі болды.

Яғни, күдікті сотталмас бұрын жоғарыдағы аталған қылмыстарды жасап, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген.

– Тергеу барысында біршама қиындықтар кездесті. Даулы оқиға болғандықтан, жалтару, мойындамау деген секілді жағдайлардың орын алатыны белгілі. Десе де, қызмет барысында алынған тәжірибеміздің арқасында нақты дәлелдемелерді жинақтадық. Күдіктіге қатысты іс құжаттар айыптау актісімен сотқа жолданды. Ал Сайрам ауданының соты 33 жастағы күдікті жас жігітті ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ, ҚР ҚК-нің 58-бабы 6-бөлігін (Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау) қолданып, алдыңғы 2021 жылғы 22 қаңтардағы үкіммен тағайындалған жазаны осы үкіммен тағайындалған жазаға ішінара қосып, түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды, – деді аталған істің басы-қасында жүріп, күдіктінің кінәсін нақты дәлелдермен сотқа жолдап, соңына жеткізген Сайрам АПБ-ның тергеушісі Ж. Дархан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру