Мас күйде көлік басқарған мақтааралдық 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды
Мас күйде көлік басқарған мақтааралдық жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізеді. Олар жүргіншілер мен жол көлік оқиғаларының алдын алу үшін күн демей, түн демей халық үшін қызмет атқаруда. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын жүргізу барысында Мақтаарал ауданының полицейлері түнгі уақытта рейдке шықты. Нәтижесінде, түнгі сағат 23:00 шамасында бұрылатын кездегі жарық шамын жақпаған DAEWOO NEXIA автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты.
Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында оның масаң күйінен күдіктенеді. Тиісті медициналық сараптама тағайындалды. Нәтижесінде, оның «орташа дәрежелі» мас халде екендігі анықталды.
Көлік жүргізушіге қатысты іс ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша Мақтаарал аудандық сотына жолданды. Нәтижесінде, Мақтаарал аудандық сотының қаулысымен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, оған жеті жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.