Сайрамда кәмелет жасына толмаған жоғалған қызды тапқан полицейлер алғысқа бөленді
Сайрамда кәмелет жасына толмаған жоғалған қызды тапқан полицейлер алғысқа бөленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Арызданушы әйелдің айтуынша, оның денсаулығында ақауы бар кәмелет жасына толмаған қызы күндізгі уақытта үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Аталған жайтты тіркеген полицейлер, бірден жасөспірім қызды табуға кірісті.
Яғни, көрген-білгендерден сұрастырып, жасөспірімнің баруы мүмкін жерлерді қарап шықты. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде, жоғалған қыздың жүрген жері анықталды. 17 жастағы қызды полицейлер бір тәуліктен соң ауданнан 20 шақырым жерде орналасқан Шымкент қаласы Қаратау ауданы Сайрам ауылынан тауып, отбасына қайтарды. Анасының айтуынша, жасөспірім қыз бұған дейін де үйінен шығып кетіп жүрген.
Өз кезегінде жоғалған қыздың анасы қызын аман-есен тауып бергені үшін полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.
– Қызымды полиция қызметкерлері жедел түрде, аман-есен тауып берді. Олардың тиянақты жұмысы мен ұқыптылығының арқасында қызым бір тәулікте табылды. Осы істе белсенділік көрсеткен сайрамдық полицейлерге өз тарапымнан алғысым шексіз, – деді анасы.