Павлодарлық полицейлер автобустағы мас жолаушыны жауапкершілікке тартты
Павлодарлық полицейлер автобустағы мас жолаушыны жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірнеше күн бұрын Павлодар полициясына маршруттық автобустардың бірінің кондукторы қоңырау шалды. Ол автобусқа мінген мас жолаушыға қатысты шұғыл шаралар қабылдауды сұрады.
– Кондуктордың сөзінше, ащы суға сылқия тойып алған жолаушы қоғамдық орында айқай-шу шығарып, адамдардың мазасын алған. Қоңырау шалушы операторға автобустың мәліметтерін беріп, қозғалу бағытын айтып берген, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бірнеше минутта аталмыш автобусқа жеткен полицейлер кондуктор сипаттаған жағдайға куә болды. Қоғамдық көлікпен жұмыстан үйге қайтып келе жатқан жолаушыларға дөрекі, балағат сөздерді тыңдауға тура келген. Тәртіп бұзушы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді, сондай-ақ қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін павлодарлық азамат ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабымен және қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция мұндай баптар бойынша бұзушылықтар жиі орын алатынын айтады. Себептері әрдайым әртүрлі, сауаттылықтың төмендігі, эмоцияны бақылай алмау және тағы басқа осы секілді мінез-құлықтарға байланысты.
Айта кетейік, осы жылы мас күйінде қоғамдық орындарда жүргені үшін 4095 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 1093 құқық бұзушы жауапқа тартылды.