Жамбыл облысында бір күнде 74 жасөспірім ІІО-ға жеткізілді
Жамбылдық полицейлер соңғы қоңырау күніндегі алдын алу жұмыстары туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмыстық ортаға тартуды болдырмау үшін полиция қызметкерлері жастар көп жиналатын жерлерде патрульдік қызмет жасақтарының тығыздығын күшейтті, жаяу және авто патрульдеуді ұлғайтты, шомылу орындарын бақылауға алды.
Қоғамдық тәртіпті бұзуды болдырмау, оның ішінде мектеп түлектерінің қатысуымен жол-көлік оқиғаларына жол бермеу мақсатында жағдайды бақылау бойынша жедел штабтар құрылды.
Соңғы қоңырауға арналған іс-шаралар ашық ауада ұйымдастырылды. Барлық ойын-сауық орындары мен жастар көп жиналатын орындар құқық қорғау органдарының жіті назарында болды. Облыстың барлық мектептерінде ата-аналар және заңды өкілдермен кәмелетке толмаған балалардың бос уақытын өткізуге назар аударуға бағытталған профилактикалық әңгімелер өткізілді.
– Рейд барысында ішкі істер органдарына 74 кәмелетке толмаған бала жеткізілді, 81 ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта ойын-сауық мекемелеріне жібергені үшін бес кафе иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев.
Сонымен қатар, жеті жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Кейінірек анықталғандай, ұсталғандар жақын аудандардан ата-аналарының рұқсатынсыз қалаға мерекені жалғастыру үшін келген. Ата-аналарды профилактикалық әңгімелесу және Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі бойынша жауапкершілік күтеді.