Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы орын алды: зардап шеккендер бар

Ақмола облысында жол апаты салдарынан әйел мен бала зардап шекті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

26 мамырда сағат 08:10-да Атбасар ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне жедел жәрдем станциясының фельдшерінен Екатеринбург – Алматы автожолының 1029 шақырымында ЖКО болғаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Алдын ала ақпарат бойынша Hуundai Solaris автокөлігінің 37 жастағы жүргізушісі, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Қостанай қаласы бағытында жүріп келе жатып, рөлді басқара алмай, Атбасар қаласының 31 жастағы тұрғынының басқаруымен жүріп келе жатқан Shkoda Rapid автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Болжам бойынша Hundai Solaris автокөлігінің жүргізушісі көлік тізгінінде ұйықтап қалған. ЖКО нәтижесінде, орталық аудандық ауруханаға түрлі жарақаттармен Shkoda Rapid автокөлігінің жолаушылары жатқызылды, олар Атбасар қаласының 30 жастағы тұрғыны және 2018 жылы туған кішкентай қыз бала. Медициналық куәландыру актісіне сәйкес Hundai Solaris автокөлігінің жүргізушісінде алкогольді тұтыну фактісі анықталды. Сараптама тағайындалды.

Аталған фактіге сәйкес, ҚР ҚК-нің 345-1-бабы 2-бөлігі (Көлік құралдарын алкогольден, есірткіден және (немесе) уытқұмарлықтан мас күйінде басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

– Жүргізушілердің кенеттен ұйықтап қалуының басты факторы – қалжырау, ұйқының қанбауы. Сондықтан егер өзіңізді нашар сезінсеңіз, ешқандай жағдайда жолға шықпаңыз. Алкогольді ішу ұйқышылдықты арттырады, ақыл-ой белсенділігі мен қырағылықты айтарлықтай төмендетеді. Көлікті басқаруға аса жауапкершілікпен қарау керек. Жолда абай болыңыз, өз денсаулығыңыз бен жол қозғалысының басқа қатысушыларының өміріне қауіп төндірмеңіз, – деп атап өтті Ақмола облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Е. Хусаинов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру