Нұр-Сұлтанда бір топ жұмысшы құрылыс нысанынан электромонтаждық кабель ұрлап кетті
21-24 жас аралығындағы үш жігіттен құралған топ объектінің аумағынан электромонтаждық кабель ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдіктілер тұрғын үй кешенінің құрылыс нысанының жұмысшылары бола тұрып, түнгі уақытта объектіден электромонтаждық кабель ұрлап, жалпы сомасы 4,5 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Олар қоймаға кіріп, 13 орам кабельді шығарып, таксиге тиеп, металл қабылдау пунктіне апарған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер ұсталды. Полицейлер ұрланған кабельді металл қабылдау пунктінен тәркіледі.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандардың елорда аумағындағы осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.