Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Мен тек әйелді құтқару туралы ойладым»: учаскелік инспектор ауыл тұрғынын жанып жатқан үйден құтқарды

Павлодар облысында учаскелік инспектор ауыл тұрғынын жанып жатқан үйден құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ауыл тұрғындарымен бірге Павлодар ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Руслан Мұсадилов жанып жатқан үйден әйелді құтқарды.

31 мамыр күні сағат 23:00-де Павлодар ауданы Новоямышев ауылының учаскелік инспекторы Руслан Мұсаділовтің ұялы телефонына ауыл тұрғыны көршісінің үйі өртеніп жатқанын хабарлады. Учаскелік полиция қызметкері оқиға орнына дереу келіп, өрттің шатырға, есіктер мен терезелерге жайылғанын, сол арқылы үйден шығу жолдары бұғатталғанын көрді. Жағдайды бағалай отырып, учаскелік инспектор ауыл тұрғындары Максим Грошман, Данил Корнеев және Мадияр Әкімжановпен бірге осы үйдің және жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын эвакуациялау бойынша қажетті шаралар қабылдады.

– Оттан өтіп, ауыл тұрғындарымен бірге үйге кірдік, 58 жастағы жалғыз тұратын үй иесін іздей бастадық. Айналамыздың бәрі жанып жатты, қараңғы болды, түтіннен ештеңе көрінбеді. Осы уақытта көрші бөлмеде газ баллоны жарылды. Бақытымызға орай, ешкім зардап шеккен жоқ. Мен басқа көрші бөлмеде ес-түссіз жатқан әйелді көрдім. Ауыл тұрғындарымен бірге оны жанып жатқан үйден алып шықтық. Содан алғашқы медициналық көмек көрсете бастадым, жасанды тыныс жасадым. Осыдан кейін әйел есін жия бастады. Жедел жәрдем келіп, әйел медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Біраз уақыттан кейін өрт сөндірушілер келді, – дейді Руслан Мұсадилов.

– Біздің учаскелік Русланның іс-әрекеті – Отанға адал және шексіз қызмет етудің айқын дәлелі. Оның батыл әрекеттерінің арқасында көршіміз құтқарылды, – деп атап өтті ауыл тұрғындары.

Руслан өзін батыр деп санамайды, өйткені бұл – әр полиция қызметкерінің міндеті.

– Сол кезде мен тек әйелді құтқарып қалуды ойладым. Өзім жайлы ойламадым. Бірақ, ауыл тұрғындарының көмегінсіз мен жалғыз өзім көмек көрсете алмас едім. Оларға үлкен рақмет, – деді Руслан.

Өз кезегінде полиция басшылығы ауыл тұрғынын құтқаруға көмек көрсеткен ауыл тұрғындарын көтермелеу туралы ұсыныс дайындауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру