Елордалық ұландар мен тұрғын көпірден секірмек болған қызды құтқарып қалды
Нұр-Сұлтанда көпірден секірмек болған қызды ұландар мен тұрғын құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 маусым күні сағат 12:15 шамасында Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ерзат Нұрғалиев, Шон Қадұлрафик пен Фархад Апбазов Сарайшық көшесінің бойындағы көпірден суға секірмек болған азаматшаны байқайды.
Қатардағы Ерзат Нұрғалиев жағдайды тез бағамдап, ысқырығымен дауыстап қыздың назарын өздеріне аударады. Сол сәтте қасынан велосипедпен кетіп бара жатқан азамат не болып жатқанын түсініп, көпірдің шетінде тұрған қызды екі қолымен құшақтап ұстап қалады. Ұландық жауынгерлер де көпірге шығып, қызды қауіпсіз жерге шығарады.
Оқиға орнына келген патрульдік топ бастығы Темірлан Рыстемір азаматшамен сөйлесіп, оны жұбата бастайды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем шақыртылады.
31 жастағы азаматшаның өзінің жігітімен ұрысқан соң осындай жанкешті қадамға барғысы келгендігі анықталды.
Айта кету керек, қызға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатқанда велосипедпен жүрген елордалық қарапайымдылық танытып, еш үндемей үйіне кетіп қалған. Осылайша оның кім екені анықталмаған күйде қалды.