Ақмолалықтар қоқыс контейнерлерін ұрлады деген күдікке ілінді
Ақмолалықтар қоқыс контейнерлерін ұрлады деген күдікке ілінді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалдық полиция қызметкерлері бұрын жасалған қылмысты ашты. Осы жылдың 1 маусымында Көкшетау қаласы Полиция басқармасына қалалық ЖШС бірінің заңгерінің Елемесов көшесіндегі үйдің ауласынан белгісіз адамның қоқыс контейнерін ұрлап әкеткендігі туралы өтініші келіп түсті. Келтірілген шығын сомасы 22 800 теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, қаскүнемнің жеке басы анықталды. Ол облыс орталығының 54 жастағы тұрғыны, ЖШС-ның бұрынғы қызметкері болып шықты. 24 мамырда сағат 23:30 шамасында ол қоқыс контейнерін көлікке тиеп, алып кеткен. Ер адамның айтуынша, ол контейнерді жеке мақсатта пайдаланғысы келген. Заттай дәлелдеме тәркіленді.
ҚР ҚК-нің 187-бабы 1-бөлігі (Ұсақ-түйек жымқыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Осыған ұқсас тағы бір факт 4 маусымда Щучинск қаласында орын алды. Бурабай ауданының полиция бөліміне Щучинск қаласының 44 жастағы тұрғыны 4 маусымға қараған түні белгісіз біреу үйінің жанында тұрған қоқыс контейнерін ұрлап әкеткенін мәлімдеді. Шығын сомасы бес мың теңгені құрады. 32 жастағы жергілікті тұрғын ұсақ ұрлық жасады деген күдікке ілінді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 187-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.