Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция әулетінің жалғастырушысы – Қайрат Джаналин

Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай Polisia.kz редакциясы Отанына адал қызмет етіп, ел қорғаны болып жүрген полицейлер туралы ақпарат ұсынбақ.

Полицияда жұмыс істеу – аса жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан қойылған міндеттердің сәтті орындалуы ішкі істер органдары қызметкерінің физикалық, атыс даярлығына байланысты. Қайрат Джаналиннің қызметі қаскүнемдерге қарсы тұра алатын қару-жарақ пен әр түрлі күрес әдістерін жетік меңгерген, нағыз отан қорғаушыларды тәрбиелеуге бағытталған.

Қайрат – полиция подполковнигі, Ақмола облысы ПД арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының арнайы және кәсіптік даярлау бөлімінің бастығы. 1970 жылы 1 қарашада Көкшетау облысы Зеренді ауданы Зеренді ауылында 9 бала тәрбиеленіп отырған үлкен отбасында дүниеге келді. Мектеп бітіргеннен кейін 1988-1990 жылдары Ташкент қаласында КСРО ІІМ Ішкі әскерлерінде қызмет етті. 1995 жылы Чаглинка ауылындағы жоғары Агротехникалық колледжді бітірді. Әскери қызметтен өткеннен кейін электро слесарь болып жұмыс істеді. Осы салада белгілі бір жетістіктерге жеткен 22 жастағы Қайрат аудан кәсіпорындарының бірінде электр жабдықтарын жөндеу цехының бастығы болды. Алайда әкесі Джаналин Шупай ұзақ жылдар бойы ішкі істер органдарында қызмет еткені өз рөлін атқарды. Қайраттың ағалары мен апаларының ешқайсысы өз өмірін полициямен байланыстырмаған, ал Қайратқа әкесінің жолын жалғастыру ойы маза бермеді.

Шупай Джаналиннің еңбек кітапшасында тек екі жазба бар: 1943 жылы ІІМ органдарына жұмысқа қабылданды, 1960 жылы денсаулығына байланысты органнан босатылды. Ұлы Отан соғысындағы шайқастарда алған екі жарақат офицердің денсаулығына әсер етті. Қайраттың айтуынша, әкесі соғыс туралы еске түсіруді ұнатпаған және ешқашан өз жұмысы туралы айтпаған, талапты адам болған. ІІО-дан құрметті демалысқа ол милиция лейтенанты атағымен шыққан, Зеренді аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі болды. Әкесі туралы Қайрат ерекше мақтанышпен айтады. Шупай Джаналин «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен, 1960 жылы «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған.

Қ. Джаналин ішкі істер органдарындағы қызметі 2001 жылы басталды. Ол өзінің жеке қасиеттерін көрсете отырып, 2001 жылғы маусым айының соңында патрульдік полицияның екі взводының командирі болып тағайындалды. Бұл лауазымда үш жыл қызмет етті. Ол патрульдік полициядағы жұмысы туралы сағынышпен еске алады.

– Онда жұмыс істей жүріп, органдардағы қызмет – менің міндетім екенін түсіндім. Мені стандартсыз жұмыс күні қорқытпады. Бұл жерде әскердегі қызмет өз рөлін атқарды: полициядағы жұмыс тәртіпті, жинақылықты, шыдамдылықты, ұйымшылдықты талап етеді. Мұның бәрі әскери қызметтен өткеннен кейін мен үшін жаңалық болмады. Бірде әріптесім екеуіміз №6 орта мектеп ауданында қыздың қолынан сөмкені жұлып алып кеткен қарақшыны ұстадық. Сонда біз полицей үшін жақсы физикалық дене бітімі қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет түсіндік. Қаскүнем мен оның серіктестерін ұстау үшін олар жасырынған зәулім үйдің екінші қабатына көтерілуге тура келді. Үйге кіріп, оларды ұстадық, – дейді Қайрат.

2004 жылы бес ай бойы Қайрат Джаналин Ақмола облысы ҚІІБ қоғамдық қауіпсіздік басқармасы патрульдік полиция бөлімшесінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы міндетін атқарды, кейін патрульдік қызмет бөлімшесінің қоғамдық бірлестіктермен байланыс жөніндегі топтың аға инспекторы болды. Қосшы кентінде учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеді.

2009 жылы Қайрат Ақмола облысы ІІД КЖБ кәсіби және психологиялық даярлықты ұйымдастыру бөлімінің инспекторы қызметін атқарды.

– Тәлімгерлерімнің арасында маған көп нәрсе үйреткен Сергей Ланчевті ерекше атап өткім келеді. Әрбір полицейдің міндеті – өзінің кәсіби деңгейін арттыру, – деп ойын толықтырды Қайрат.

2017 жылы ол Мәскеу құқық институтын бітірді. 2019 жылы Ақмола облысы ПД арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының арнайы дайындық және арнайы іс-шараларды ұйымдастыру бөлімін басқарды, 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ПД арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының арнайы және кәсіби дайындық бөлімінің бастығы.

– Заманауи полиция қызметкері ең алдымен сауатты болуы тиіс, адамдармен жұмыс кезінде қандай да бір іс-әрекеттің заңсыздығын жеткізу үшін, түсіндіру үшін дүниетанымы кең болуы тиіс. Атыс даярлығы бойынша сабақтар өткізу барысында қызметкерлерге өзімнің барлық білімімді жеткізуге тырысамын. Олар барлығын дұрыс жасағанда, нысанаға дөп түседі, көздері жанып тұрады. Бұл – мен үшін ең үлкен қуаныш. Қызметкерлерді ерлер мен әйелдерге бөлмеймін: барлығына қойылатын талаптар пен міндет бірдей, – деп сөзін аяқтады ПД арнайы және жұмылдыру дайындығы басқармасының арнайы және кәсіби дайындық бөлімінің бастығы Қ. Джаналин

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру