СҚО-да ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін 400-ден астам әкімшілік материал жиналды
СҚО-да ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін 400-ден астам әкімшілік материал жиналды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда ата-анасы 5 жасар қызын балабақшадан алып кетпеген. Баланы тұрғылықты жеріне әкелген тәрбиеші пәтерлерінің есігі ашық тұрғанын байқап, полицияға хабарлайды. Келіп жеткен ювеналдық полиция қызметкерлері спирттік ішімдікке тойып алған ата-анасының балаларын ұмытып, ұйықтап жатқандарын анықтайды.
– Пәтердің ішінде шашылған шөлмектер. Медициналық куәландыру көрсеткендей, қыздың ата-анасы алкогольдік масаң күйде болған, – дейді Петропавл қалалық ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор Динара Мұқанова.
Аталған факті бойынша әкесі мен анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік материалдар жиналды. Сондай-ақ, Петропавл қаласының әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына да материалдар жиналды. Айта кететіні, аталған ата-аналарға қатысты екінші құқық бұзушылық.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полициясы есебінде 242 тұрмысы төмен отбасы тұр. Биыл 26 солтүстікқазақстандық ата-ана құқығынан айырылса, 6-ның ата-ана құқығы шектелді. Ата-аналық міндеттерін орындамау фактілері бойынша 418 материал жиналды.
– Кәмелетке толмағандарды қорғау, олардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету – полиция жұмысының басымды бағыттарының бірі. Өкінішке орай, балалардың барлығы отбастарында өздерін қауіпсіз сезінбейді. Қайғылы оқиға орын алмас үшін уақтылы шара қабылдау, спирттік ішімдік ішетін ата-аналарын дер кезінде дұрыс жолға салу – біздің міндетіміз. Ата-ана құқығынан айыру – ақырғы мәжбүрлі шара, – деп атап кетті СҚО ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Александр Розбах.