Нұр-Сұлтанда бала күтуші үй иелерінің зергерлік бұйымдарын ұрлап кетті
Елордалық полицейлер бағалы әшекейлердің ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғындары үйден алтын бұйымдарының жоғалу фактісі бойынша полицияға арыз берген.
«Алматы» ауданының Полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 39 жастағы күдіктіні ұстады.
Әйелдің екі ай бойы арызданушылардың отбасында күтуші болып жұмыс істегені анықталды. Ол өз міндеттерін атқарып жүріп, жатын бөлмедегі шкафтан алтын бұйымның жиынтығын көрген. Үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, күтуші жалпы құны 700 мың теңге тұратын неке сақинаны, балаларға арналған алтын алқаны, кулонды және әйелдерге арналған үш алтын алқаны ұрлап, ломбардқа өткізіп жіберген.
Аталған фактіге байланысты «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті өз кінәсін мойындады.