Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда балалардың жаппай төбелесі туралы жалған ақпарат берген жасөспірімдер анықталды

 Атырауда балалардың жаппай төбелесі туралы жалған ақпарат берген жасөспірімдер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

10 мамыр күні сағат 04:10 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының 102 арнасына белгісіз адам Бейбарыс даңғылында орналасқан ерлер моншасы тұсында жасөспірім балалардың төбелесіп жатқандығы жөнінде хабарлама қалдырған. Оқиға орнына дереу жеткен патрульдік полиция қызметкерлері хабарламаның жалған екендігін анықтады.

Белгілі болғандай, 17 жастағы төрт жасөспірім балалар түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүріп, полиция қызметкерлеріне жалған хабарлама берген. Сондай-ақ, олар 102 арнасына қоңырау шалған сәтті өздерінің телефондарына түсіріп алған.

Аталған жасөспірім балалардың ата-аналары Полиция басқармасына шақыртылып, олардың барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлімімен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Одан басқа, полиция қызметкерлеріне жалған хабарлама берген 17 жастағы жасөспірімнің анасына ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабының 1-бөлімімен (Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру) әкімшілік хаттама жасақталып, 15 315 теңге айыппұл салынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру