ШҚО-да Land Rover жүргізушісі жол ережесін бұзғаны үшін 1,6 млн теңге қарыз
ШҚО-да Land Rover жүргізушісі жол ережесін бұзғаны үшін 1,6 млн теңге қарыз, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 маусымнан бастап Шығыс Қазақстан облысының аумағында «Борышкер» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Аталған іс-шара жасалған құқық бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды уақтылы орындау мақсатында өткізіледі.
– Шараның алғашқы күні Өскемен қаласының 26 жастағы тұрғыны жол қозғалысы ережелерін үнемі бұзғаны анықталды. Жүргізуші жалпы сомасы 1,6 млн теңгеге 79 әкімшілік айыппұл жинақтаған. Тәртіп бұзушының автокөлігі қарызын толық өтегенге дейін арнайы тұраққа қойылды, – деді ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.
Айта кетейік, «Борышкер» жедел алдын алу іс-шарасын өткізудің бірінші күні тәртіп сақшылары пәтерлерді және үйлерді аралап, жалпы сомасы 17 млн теңге болатын әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар 2 мыңнан астам азаматты хабардар етті.
«Борышкер» жедел алдын алу шарасы 15 маусымға дейін жалғасады.