Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті түзеу мекемесін күзеткен сарбаздарды марапаттады
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесін күзетіп, әскери міндеттерін өтеген «Ұлттық ұланның» №5547 әскери бөлімінің 25 сарбазы Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының алғыс хатымен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Әскери бөлімінде өткізілген шараға ЗК-169/5 мекемесі бастығының орынбасары Бақыт Наурызбаев, ҚАЖ департаменті режим және қадағалау тобының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілінің міндетін атқарушы Сүйіндік Шетенов және кадр саясаты тобының қызметкерлері қатысты.
– Түзеу мекемесіндегі тыныштық пен тәртіптің сақталуы – ең алдымен қарауыл күзетінде қалтқысыз қызмет атқарған қырағы жауынгерлеріміздің арқасы. Сіздер өз өмірлеріңізге төнген қауіпті ойламай, түзеу мекемесіндегі ішкі тұрақтылықты сақтауда міндеттеріңізді адал атқарып, жинақылық пен әскери тәртіптің жақсы үлгісін көрсеттіңіздер. Отанға адал болуға әскери Ант берген күннен бастап, күні-түні қырағылық пен сақтықты, ерекше жауапкершілікті қажет ететін осы қызметті адал да абыроймен атқарған сазбаздарымыз алдағы уақытта да отансүйгіштіктің жарқын үлгісін көрсете береді деп сенемін, – деді Бақыт Наурызбаев.
– Түзеу мекемесін күзетуге жіберер алдында командирлеріміз бізді психологиялық және күшейтілген әскери дайындықтан өткізді. Олар бізді кез келген жағдайға әзір болуға, шапшаң ойлауға және тез қимылдауға, моральдық-психологиялық тұрғыдан мықтылыққа үйретті. Өз басым әскери міндетімді түзеу мекемесінде атқарып шыққаныма еш өкінбеймін. Өйткені бір жылдың ішінде мен жинақылыққа үйрендім, уақыттың қадірін білдім, өз ісіме жауапкершілікпен қарауға машықтандым, батыл бола түстім. Ең бастысы – Отанды сүю, елге қызмет етудің ережесі де қарапайым болатынына көзім жетті, – деді бірінші атқыштар ротасының сарбазы Куисов Нұрдәулет.