Қызылордада кірпішпен шабуыл жасау дерегі бейнебақылау камераларына түсіп қалды
Қызылордада кірпішпен шабуыл жасау дерегі бейнебақылау камераларына түсіп қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz
15 маусым күні түнгі сағат 02:00 шамасында қала тұрғынын белгісіз екі азамат кірпішпен ұрып-соғып жатқандығы Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасына түскен. Дереу қала аумағында орын алып жатқан қылмыс туралы патрульдік полиция қызметкерлеріне бағыт-бағдар берілді. Жедел-тергеу тобымен оқиға орнында 43 және 37 жастағы масаң күйдегі азаматтар ұсталды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 107-бабының 2-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Күдіктілерге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Полицейлер оқиғаның мән-жайларын анықтауда.
Айта кетерлік жәйт, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының қызметкерлері жыл басынан бейнекамералардың көмегімен 65 қылмысты ашты.