Ақтөбе облысының полицейлері түйе ұрлығын ашты
Ақтөбе облысының полицейлері түйе ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 маусымда Ақтөбе облысының аумағында мал ұрлығы орын алды. Шаруа қожалығының басшысы полицияға арызданды. Оның айтуынша, құны 1,2 млн теңге тұратын түйені еркін жайылымнан ұрлап кеткен.
Полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдік бойынша жедел іс-шаралар кешенін жүргізу барысында екі адамды ұстады. Күдіктілердің айтуынша, олар далада иесіз жайылып жүрген түйені көріп, танысының жазғы жайлауына айдап әкеліп, бөлшектеп сойған.
ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 2-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция қызметкерлері тұрақты негізде мал немесе ет ұшаларын тасымалдайтын көлік құралдарына ілеспе құжаттарының бар болуына бақылау жүргізеді, сонымен қатар мал сою орындары тексеріледі. Полицейлер мал ұрлығының санын мал иелерінің өз мүлкіне қырағы және жауапты қарым-қатынасы кезінде ғана азайтуға болатынын еске салды.