Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл кинотеатрларында интернет-алаяқтар туралы бейнероликтер көрсетілуде

Петропавл кинотеатрларында сеанс алдында интернет-алаяқтардың айлалары туралы бейнероликтер көрсетілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО полицейлері интернет-алаяқтықтың алдын алуды күшейтті. Адамдарды айлакерлердің әккі әрекеттері жайлы ескерту үшін кинотеатрлар әкімшілігімен келісімге қол жеткізілді. Енді сеанстар алдында үлкен экрандарда профилактикалық бейнероликтер көрсетіледі. Оларды облыс орталығындағы автобустардың мониторларынан да көруге болады. Сауда үйлерінде ескертулер динамиктер арқылы таратылады. Алдын алу шаралары кезінде полицейлер адамдарға қылмыскерлердің қармағына түспеу туралы кеңестер береді. Дәл осындай ақпаратты петропавлдықтар ескерту баннерлері орналасқан қоғамдық көлік аялдамаларында көре алады.

Сондай-ақ, полиция қызметкерлері ұйым ұжымдарымен кездесулерде желілік алаяқтардың айла-амалдарын түсіндіреді. Олар аптасына орта есеппен үш рет өткізіледі. Қалалық ардагерлер кеңесінің өтініші бойынша мұндай кездесу екі рет өткізілді: қазіргі заманғы технологияларды нашар білетін қарт адамдар алаяқтар үшін жақсы нысана.

Айта кетейік, маусым айында қылмыскерлер Петропавлдың 97 жастағы тұрғынын алдауға тырысқан. Бақытымызға орай, ол қулыққа бой алдырмады, бірақ қылмыскерлердің қоңырауы оған көп тәжірибе берді. Келген криминалдық полиция қызметкері қарт әйелді тыныштандырып, мұндай жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін айтты.

– Қылмыскерлердің «банктен қоңырау шалып тұрмыз» деп алдамшы сөздерді жиіледі. Кибералаяқтардың сөзіне сеніп қалған адамдарға миллиондап шығын келіп жатыр. Мұндай жағдай «мен алданбаймын» деп отырған адамның да басынан өтуі мүмкін. Естеріңізге саламыз: телефон арқылы сізге не айтса да, өз шоттарыңызды, парольдеріңізді және кодтарыңызды ешкімге айтпаңыз. Белгісіз адамдардың нұсқауы бойынша қаржылық операцияларды орындамаңыз. Күмәнді қоңырауларды түскен кезде банкке ресми нөмір бойынша немесе «102» арнасына қоңырау шалған жөн, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Жыл басынан облыста мұндай 403 қылмыс тіркелді. Олардың 103-і «банктен шалынған қоңырау» тәсілімен жасалған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру