Маңғыстаулық жол сақшылар жолда қалып қойған шетелдіктерге көмектесті
Маңғыстаулық жол сақшылар жолда қалып қойған шетелдіктерге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда қоғам тарапынан тәртіп сақшыларына қойылатын талап өте жоғары. Полиция формасын киген қызметкер заңның, әділеттіліктің көрінісін паш етеді. Сондықтан, қоғамдағы тәртіп, азаматтарымыздың тыныштығы мен өз өмірлерінің қауіпсіздігіне деген сенімі зор жауапкершілік жүктейді. Осындай жауапкершілігі мол істі арқалап, жолдағы қауіпсіздік пен жолаушылардың амандығын күзететін – жол сақшылар.
Мәселен, Маңғыстаулық полицейлер жолда қалып қойған Түркия елінің азаматы мен грузиялық тұрғынға қол ұштарын созды.
Полиция қызметкерлері күнделікті республикалық маңыздағы тас жолдарды патрульдеу барысында қиын жағдайдағы жүргізушілер мен бұзылған көліктерді аңғарса, жедел әрекет етеді. Жоғарыда атап өткендерден Түркиялық қонақтың темір тұлпары бұзылып қалып, жөндеуге көмектесті. Ал жанар-жағармайы таусылып қалған грузиялық азаматқа қажетті заттарын әкеліп берді.
Полиция тарапынан көрсетілген көмекке риза болған шетелдік азаматтар алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.
– Маңғыстау полициясына Алла разы болсын! Жедел әрекет еткендерінен бөлек, қонақжайлылығына тәнті болдым. Мен өз еліме барғанда да өзіміздің полицейлерге бұл жайтты міндетті түрде баяндап беремін. Рақмет! Бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймын. Қазақстанға тағы да келгенде сіздерге хабарласамын, – деді қонақтардың бірі.