Зерендіде мас демалушы орталық аурухананың мүлкіне зақым келтірді
Зерендіде мас демалушы орталық аурухананың мүлкіне зақым келтірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.Жергілікті елді мекендердің бірінің 59 жастағы тұрғынының бұзақылық әрекеті Зеренді ауданының полиция бөлімінде 10 шілдеде сағат 17.50 шамасында тіркелді.
Полицейлердің ақпараты бойынша, бірнеше сағат бұрын демалыс орындарының бірінде демалып, мас күйінде болған ер адам жол бойындағы көлікпен үйге жетуге шешім қабылдаған. Көкшетау – Атбасар автожолына шыққан ауыл тұрғыны жанынан өтіп бара жатқан көлік құралдарын тоқтатуға тырысқанымен барлық әрекеттері сәтсіз аяқталған. Салдары туралы ойламай және жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірген ер адам жолдың ортасына шығып, келе жатқан көлікті тоқтатуға тырысты. Ауыл тұрғыны заңсыз әрекеттерін жалғастырып, тоқтаған шетелдік көліктің алдыңғы әйнегін қолымен сындыруға тырысты. Оқиға орнына Зеренді АПБ жедел-тергеу тобы шақырылды, сондай-ақ осы ауылдық округке қызмет көрсететін учаскелік инспектор келді.
Ер адамның бұзақылық әрекеттер жасау кезінде жарақат алғанын көрген учаскелік инспектор тәртіп бұзушыны қажетті медициналық көмек көрсету үшін аудандық орталық ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылдады.
Алайда емдеу мекемесінде де ауыл тұрғыны өзін дұрыс ұстамай, медицина қызметкерлерінің талаптарына бағынбады, раковинаны сындырып, медициналық мекемедегі кушеткаға зақым келтірді. Шығын 160 мың теңгені құрады.
Бұзақылық іс-әрекеттер фактісі бойынша ҚР ҚК 293-бабы 1-бөлігіне сәйкес (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұдан басқа, ауыл тұрғыны ҚР ӘҚБК 615-бабының 2-бөлігі (Жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, автокөлік иесінің әйнекке зақым келтіргені үшін материалдық залалды өтеу туралы талап-арызы түсті.