Түркістан облысында жыл басынан бері тұрғындардың мазасын алған 371 адам жауапкершілікке тартылды
Түркістан облысында жыл басынан бері тұрғындардың мазасын алған 371 адам жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан қаласының орталық көшелерінің бірінде әйел адам жолдан өте қалып, тар көшедегі көліктердің арасымен жүріп, жүргізушілер мен жолаушылардан қайыр сұрап келе жатты. Көзі полиция қызметкеріне түскен әйел заңсыз әрекеті үшін жауапкершілік арқалағысы келмегендіктен алды-артына қарамай қаша жөнелді. Алайда учаскелік полиция инспекторы өз жұмысын соңына дейін жеткізіп, қайыршылықпен айналысып жүрген әйелді тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оның құжаттарын тексеру барысында бұдан алдын ескерту алғаны белгілі болды. Яғни, тіленшілікпен айналысқан әйел бұған дейінгі полиция қызметкерлерінің түсіндіруі мен ескертуінен нәтиже шығармастан, қайта қайыр сұрауға шыққан.
Аталған тұрғынға заңға сәйкес, ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы (Қоғамдық орындарда тиісу) бойынша хаттама толтырылды.
– Біздер, өзімізге бекітілген аймақтағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, заңсыздықтарға жол бермеу мақсатында күнделікті тексеру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Рейдтік-профилактикалық шаралар барысында белгіленбеген орындарда сауда жасау, қайыршылықпен айналысу деген заңсыздықтарды әдет еткен адамдардың мекеніне айналған аумақтарды тексереміз. Бұл күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, бүгінгі күннің өзінде ескерту берілгеніне қарамастан қайыр сұрап жүрген үш тұрғынға хаттама толтырылды. Аталған құқық бұзушы екі әйел, бір ер адам Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Осы тұста тұрғындарға ескертеміз, кез келген заңсыздық үшін заң аясында жауапкершілік қаралған. Сондықтан теріс әрекеттерге бармаңыздар, – деді Түркістан қалалық Полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Мұхтар Ерманов.
ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабында қайыршылық жасауға тыйым салынғаны тайға таңба басқандай көрсетілген. Осы орайда облыс орталығының полицейлерімен де бұл бағыттағы жұмыстар жасалуда. Мәселен, өткен жылдың 6 айында бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіргені үшін 214 тұрғынның жауапкершілігі қаралған. Ал осы жылдың жарты жылында дәл осындай құқық бұзушылықтарды жасаған 371 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.