Сайрамдық ер адам танысының цемент құюға арналған құралдарын сатып жіберген
Сайрамда ер адам танысының цемент құюға арналған құралдарын сатып, 7,2 млн теңге шығын келтірген, – деп хабарлайды Polisia.kz
Сайрам аудандық Полиция басқармасына Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. Ер адамның айтуынша, ол өзінің танысына цемент құюға арналған құралдарын сеніп тапсырған. Алайда арызданушы затын алуға барғанда оның жоқ екенін білген. Жәбірленушіге келген шығын көлемі – 7,2 млн теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 389-бабы (Өзінше билік ету) бойынша тіркеуге алды.
Тәртіп сақшылары хабарлама келіп түскен бойда күдіктіні ұстауға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде, полицейлер бұл қылмысқа қатысы бар ер адамды ұстап, ПБ-ға жеткізді. Ол Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, жәбірленуші мен күдікті құрылыс саласында жұмыс жасап жүрген таныстар. Сезікті сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін қаражат қажеттілігіне байланысты 5 млн теңгеге жуық ақшаға сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген. Қазіргі таңда орта жастағы ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.