Қызылордада түзеу мекемесіне есірткі, телефон лақтырмақ болған тұрғын құрықталды
Қызылордада түзеу мекемесіне есірткі, телефон лақтырмақ болған тұрғын құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
14 шілдеде сағат 14:20 шамасында Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінің өндірістік аймағына сотталғандардың пайдалануы мен қолдануына тыйым салынған заттарды лақтырмақ болған екі азамат құрықталды.
Жедел түрде 102 нөміріне хабарланып, мекемеге Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақыртылды. Арам қулығын іске асырмақ болған азаматтарды жедел-тергеу тобы тексеру барысында 20 грамдық шприцке нығыздалып салынған 10 дана өзіне тән ерекше исі бар шөп тектес зат және скотчпен оралған 3 телефон тәркіленді. Тәркіленген зат бойынша сот-медициналық сараптама жұмыстары тағайындалып, нәтижесінде салмағы 62,02 грамды құрайтын келтірілген марихуана екені дәлелденді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.