Түркістан облысында шекарадан марихуана алып өтпек болған шетелдік ұсталды
Түркістан облысында Марика атты иттің көмегімен шекарадан марихуана алып өтпек болған Өзбекстан елінің азаматы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жібек жолы шекарасының бақылап-өткізу бекетінен есірткі алып өтпек болған Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады. Нақтырақ айтсақ, өзбекстандық тұрғын өзінің басқаруындағы Daewoo Nexia көлігімен шекарадан өтіп бара жатқан уақытта Марика атты иттің белгі беруі арқылы анықталды.
Оқиға бойынша тәртіп сақшылар тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, автокөлік қозғалтқышының астында қоңыр түсті пакетке салынған есірткі затына ұқсас зат табылды.
Полиция қызметкерлері табылған айғақты затты тәркілеп алып, аталған жайтты ҚР ҚК-нің 286-бабы 1-бөлігі (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша тіркеуге алды. Сараптама тағайындалды.
Зерттеу қорытындысы шетелдіктен алынған заттың марихуана есірткісі екенін анықтады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.