Келестік полицейлер отбасына ренжіп, үйінен кетіп қалған жасөспірімді тапты
Келестік полицейлер отбасына ренжіп, үйінен кетіп қалған жасөспірімді тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz
Келес ауданының жергілікті тұрғыны 14 жастағы ұлының үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, 2 күннен бері қайта оралмағандығын айтып, Келес АПБ-ға арызданады. Ауыл-аймақ, канал жағаларын қарап, іздестірген жақындары нәтиже шықпаған соң бар үміттерін сақшыларға артады. Оның үстіне ұлының денсаулығында кінәраты бар екенін жеткізеді.
Жоғалған жас жігітті іздеуге Келес АПБ-ның барлық тиісті полицейлері жұмылдырылды. Әр полицей өз аумағына қарасты үй-жайларды тексеріп, баланың баруы мүмкін деген орындарды шолып шықты. Бірнеше мобильдік топтар да құрылды. Осылайша полицейлер іздестіру шараларын жоғары деңгейде жүзеге асырды.
Нәтижесінде, сол күні түскі уақытта бозбала орталық саябақтардың бірінде жүрген жерінен табылды. Мән-жайға қаныққан тәртіп сақшылары оның екі күн бойы досының үйінде болғанын анықтады. Сондай-ақ, ол өзінің бағып жүрген қойларын сатып жіберген үйіндегілерге ренжіп, кетіп қалғанын жеткізді. Бүгінгі таңда ол дін-аман отбасымен қауышты. Ұлының аман-есен табылғанына қуанған анасы полицейлерге ыстық ықыласын білдіріп, алғысын жаудырды.