Алматылық полицейлер адам саудасының жеті дерегінің жолын кесті
Алматылық полицейлер жыл басынан бері адам саудасының жеті дерегінің жолын кесті, – деді Polisia.kz
Қалалық криминалдық полиция Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай осындай мәліметтерді келтіріп отыр.
– Тек биылғы жылдың басынан бері біздің бөлімшенің қызметкерлері адам саудасына қатысты жеті қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, бес дерек – жезөкшелікпен айналысуға арналған үйді ұйымдастыру және ұстау, кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартудың бір дерегі және жаңа туған сәбиді сатуға оқталу. Қазіргі уақытта аталған эпизодтар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Кінәлілер жасаған әрекеттері үшін заң аясында қатаң жауап беретін болады, – деді Алматы қаласы Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Руслан Смағұлов.
Сонымен қатар, спикер адам саудасымен күресте қоғам мен үкіметтік емес ұйымдардың маңызды рөліне тоқталды. Олардың мойнында – әрбір адам еркіндік құқығы бұзылса не істеу керектігін білуі үшін, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу.
– Айтпақшы, осындай ликбездердің бірі «Адам саудасына бірге қарсымыз» атты дөңгелек үстел аясында өтті. Мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, қоғамдық қорлардың қызметкерлері, заңгерлер мен полицейлер азаматтарды еңбек пен жыныстық құлдықтан қорғау формаларын талқылады. Кез келгені адам саудасының құрбанына айналуы мүмкін. Тәжірибе кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен сәбилердің де қорғалмағанын көрсетеді, – деді Руслан Смағұлов.
Полиция қызметкерлері мен “Родник” қоғамдық қорының өкілдері Көші-қон қызметі орталығында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. “Мен адам саудасына қарсымын” науқаны аясында қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, тәжік тілдерінде ақпараттық материалдар таратылды.