Алматыда “науқас” баланың еміне ақша жинаған екі қыз ұсталды
Алматыда “науқас” баланың еміне ақша жинаған екі қыз ұсалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 және 23 жастағы қыздар әлеуметтік желі арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды.
Барлығы белгілі блогердің алаяқтық туралы Әуезов аудандық полициясына арыздануынан басталды. Оның айтуынша, екі бойжеткен науқас балаға көмек сұрай отырып, қолдан жасалған құжаттарды пайдаланып, парақшасына пост жариялауға көндірген. Блогердің үлкен аудиториясы жанашырлық танытып, көмекке шақыруды назардан тыс қалдырмай, белсенді түрде қаражат аудара бастады.
– Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша осы қылмысқа күдіктілер анықталды және ұсталды. Олар Ақмола облысының тұрғындары. Алғашқы жауап алуда қыздар өз іс-әрекеттерін мойындады. Аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Әуезов аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі бастығының орынбасары Тимур Мулинов.
Күдіктілердің бірі спортшы, таэквандомен айналысқан. Бұрын оның заңмен мәселелері болған және ұрлық үшін жауапқа тартылған. Оның құрбысы С.есімді азаматша – маникюр жасау шебері. Қазір тергеушілер бұл деректен басқа да эпизодтар бар-жоғын анықтап жатыр.