Ақмола облысында адам өліміне әкеп соққан ЖКО жасаған елордалық 5 жылға сотталды
Ақмола облысында адам өліміне әкеп соққан ЖКО жасаған елорда тұрғыны 5 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
4 адам қаза тапқан өлім апаты 2021 жылғы 9 тамызда Нұр-Сұлтан – Петропавл автожолында орын алды. Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Қылмыстық іс материалдары бойынша Skoda Superb B6 автокөлігінің 44 жастағы жүргізушісі республикалық тас жол бойымен Щучинск қаласы бағытында 179 км автожолда көлік құралының қозғалысын тұрақты бақылау мүмкіндігін қамтамасыз ететін қозғалыс жылдамдығын таңдамай, алда келе жатқан автокөлікке дейінгі қажетті қашықтықты сақтамай, алдында келе жатқан ЗАЗ CHANCE көлігімен соқтығысуға жол берген.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында ЗАЗ CHANCE автокөлігінің екі жолаушысы көз жұмды, кейіннен емдеу мекемесінде осы көліктің жүргізушісі мен тағы бір жолаушысы қайтыс болды.
Тағы бір жолаушының денсаулығына орташа ауыр дәрежесінде зақым келді. Сонымен қатар, Skoda Superb B6 автокөлігінің екі жолаушысының денсаулығына орташа және жеңіл дәрежеде зиян келді.
Қылмыстық іс шеңберінде анықтаушылар қажетті тергеу іс-әрекеттерін жүргізді, сот-медициналық сараптамалардың қорытындылары, сондай-ақ кешенді сот көлік-трасологиялық сараптамалардың және жол-көлік оқиғаларының мән-жайлары сараптамаларының қорытындылары зерттелді.
Сот дәлелдемелердің жиынтығын сотталушыны қылмыстық жазаланатын іс-әрекет жасағаны үшін кінәлі деп тану үшін жеткілікті деп санады. Нәтижесінде, Ақмола облысы Біржан Сал ауданының сотымен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, автокөліктің 44 жастағы жүргізушісі ҚР ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ер адам көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айырылды.