Шымкентте есірткі саудалаған тұрғын 7 жылға бас бостандығынан айырылды
Шымкентте есірткі саудалаған азаматша 7 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық соты есірткі сатумен айналысқан 27 жастағы азаматшаға қатысты үкім кесті. Азаматша синтетикалық есірткі затын өткізумен айналысқаны үшін кінәлі деп танылды.
Еске салар болсақ, өткен жылдың маусым айында 27 жастағы азаматша пирролидиновалерофенон (α-PVP) есірткі затын полиэтилен пакетке салып, 11 мың теңгеден сатып жүрген жерінен ұсталған еді.
Бұл дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігіне (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Іс сотқа жолданып, оның барысында аталған азаматшаның кінәсі толығымен дәлелденді.
Ұсталған азаматша аталған баппен 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын арқалады. Айта өтетін ақпарат, ол бұған дейін Түркістан облысы Сайрам аудандық сотымен ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігімен 3 жыл 6 ай мерзімге сотталғаны ескеріліп, осы үкіммен тағайындалған жазаға ішінара қосу арқылы түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.