Ақмола облысында азаматтық некедегі жұбайын өлтірген ер адам қамауға алынды
Ақмола облысында азаматтық некедегі жұбайын өлтірген ер адам қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz
20 шілдеде таңғы сағат 09:00-де Бурабай АПБ полиция бөліміне Щучинск қаласының тұрғынынан жалдамалы пәтерде онымен бірге тұратын әйел адам қайтыс болғаны туралы телефон қоңырауы түсті. Оқиға орнына дереу келген прокуратура мен полиция қызметкерлері 35 жастағы қала тұрғыны тұрған пәтерден 49 жастағы азаматтық жұбайы, жергілікті тұрғынның мәйітін тапты.
Алдын ала тергеу барысында күдіктінің бірге тұрған әйелдің өліміне қатысы бар екендігі туралы бұлтартпайтын дәлелдер жиналды. Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиға алдында марқұм мен қаскүнем арасында жанжал болған.
Сот-медициналық сараптама нәтижелеріне сәйкес, өлімнің себебі мидың ісінуі, миға қан кету түріндегі жабық бас сүйек-ми жарақаты болған.
Аталған фактіге сәйкес полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.