Қарағанды облысында әртүрлі жол апаттарында 4 адам қаза болды
Полиция қызметкерлері тарапынан жол жүрісі ережелерін қатаң сақтау, жылдамдықты шектен тыс асырмау бойынша бірнеше ескертпелеріне қарамастан, соңы қайғылы жағдаймен аяқталатын жол-көлік оқиғалары жиілеуде. Тек өткен тәулікте облыс жолдарында үш жол-көлік оқиғасы тіркеліп, төрт адам қаза тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселен, 13 тамыз күні түнгі сағат 01:30 шамасында «Ақсу – Аюлы – Ағадыр» тас жолында Ағадыр кентінен 30 шақырым жерде 20 жастағы BMW автокөлігінің жүргізушісі, алдын ала болжам бойынша, Ағадыр кентіне бағыт алып бара жатып, көліктің басқаруына ие бола алмай аударылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан көліктегі екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты.
Сол күні сағат 13:10-да «Қарағанды – Балқаш» тас жолында Жұмабек ауылына 5 шақырым жетпей 42 жастағы Багем автокөлігінің жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып, 63 жастағы азаматтың басқаруындағы Lexus автокөлігімен соқтығысқан. Екі автокөліктің жүргізушілері әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізіліп, Lexus автокөлігінің жүргізушісі сол жерде қайтыс болды.
Сағат 20:11-де «Ялта – Құлайғыр» тас жолында 64 жастағы Toyоta Previa автокөлігінің жүргізушісі, алдын ала болжам бойынша, көліктің басқаруына ие бола алмай, 39 жастағы азаматтың басқаруындағы Lada Priora автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасынан 49 жастағы Lada Priora автокөлігінің жолаушысы алған дене жарақаттары салдарынан оқиға орнында қаза тапты. Сондай-ақ Lada Priora автокөлігінің үш жолаушысы, Toyota Previa автокөлігінің жүргізушісі мен бес жолаушысы әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Қарағанды облысы Полиция департаменті көлік жүргізушілерді осындай қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін қарапайым ережелерді сақтап, жылдамдықты асырмауға шақырады.