Ұлытау облысының полицейлері “Қауіпсіз жол” акциясын өткізді
Ұлытау облысының полицейлері “Қауіпсіз жол” акциясын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау облысы Полиция департаменті жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында облыс аумағында “Қауіпсіз жол” жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал және Ұлытау, Жаңаарқа аудандарында жол қауіпсіздігін сақтау, рейдтік іс-шаралар шеңберінде полиция қызметкерлері кәсіпорындарда және еңбек ұжымдарында жүргізушілермен, оның ішінде автобус, маршруттық көлік құралдары мен такси жүргізушілерімен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Жүргізушілерге жол-көлік оқиғасының негізгі себептері туралы айтып, жол ережесін сақтауға шақырды.
Ұлытау облысы аумағында биылғы жылдың жеті айында 49 жол апаты тіркеліп, 47 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Сондай-ақ, қара жол 20 адамның өмірін жалмаған. Облыстық полиция департаменті басшыларының қолға алуымен қала,аудан аралық және қаланың ішкі жолдарында патрульдік полицияның жұмысы күшейтілген. Апта сайын жол қауіпсіздігі бойынша түрлі акциялар ұйымдастырылып қала тұрғындарына әлеуметтік желі және жергілікті БАҚ арқылы хабарландыру берілуде. Акция аясында “Жолда қабылдау” іс-шарасы өткізіліп, орталық көшеде халықпен жүздесу ұйымдастырылып, 100 адамға жадынама тапсырылды.
Полицияға жүгінген халықтың сұрақтары әртүрлі болады. Негізінен біздің қызметкерлерге жүгінген тұрғындардың басым бөлігін көліктерді тіркеу мен қайта жабдықтау мәселесі қызықтырды.